top of page
Ақтауда Sharkey брендімен аяқ киімдер шығарылады



 

       Ақтаудағы «Жамал-ай» фабрикасы Sharkey сауда белгісімен аяқ киімдер шығарады. Қазір жаңа өнім түрін дайындауға қажетті құрылғыларды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Сәуір айынан бастап тұрғындар Қазақстанда жасалған аяқ киімдерді киетін болады. Италия технологиясымен жабдықталған фабрикада мұнайшы мен құрылысшыдан бастап сан саланың мамандарына арналған 150 түрлі аяқ киім тігіледі.
     Аяқ киімді дайындау үдерісі пішу бөлімінен басталады. Алдымен темір қалыпты алып, оны былғарыға қоямыз. Құрылғы арқылы аяқ киімге қажетті кескіндемені кесіп аламыз. Дайын болған бөлік келесі бөлімге жіберіледі.
    Жалпы бір аяқ киімді дайындау үшін мұндағы 56 қызметкер тер төгеді. Кесілген былғары тігін цехына жіберіледі. Іскер келіншектер аяқ киімнің жоғары бөлігін түгелдей тігіп шығады. Жартылай дайын өнімге арнайы пеште құйылған табан жабыстырылып, артық жерлері кесіледі. 167 адамды жұмыспен қамтып отырған фабрика күніне 500 жұп аяқ киім дайындайды. 22 жылдық еңбек өтілі бар Ақшагүл Жалабаева осы кезеңдердің барлығын бес саусағындай жетік меңгерген. «Жаңа технологиялардың арқасында аяқ киімдердің сапасы да жоғарылап келеді», - дейді цех басшысы.
    Ақшагүл Жалабаева, аяқ киім цехының басшысы: - Біздің аяқ киімдер өте сапалы, төзімді. Бұрынғы етіктеріміздің төсеніштері темірден болса, қазір біздер жаңа технологияға өтіп жатырмыз. Бұлардың төсеніштері өте төзімді. Фабрикада былтыр 66 мың жұп аяқ киім тігіліп, бір миллиард теңгеге жуық пайда көрген. Тапсырыстың көбеюіне орай, еңбек күшіне деген сұраныс та артуда. Өткен айдың өзінде фабрикаға үш қыз-келіншек жұмысқа алынған. Соның арқасында Манзура Қалбаева да тұрақты табысқа қол жеткізді.
     Манзура Қалбаева, аяқ киім цехының пішушісі: - Осында жұмысқа кіргеніме бір апта болды. Пішуші қылып алды. Алдағы өмірде тігіншілікті үйренгім келеді. Осы жерде жасай беремін деген үміттемін. Фабрика президенті Sharkey сауда белгісімен аяқ киім шығаратын болсақ, жұмысшыларға сұраныс тағы да артады деп болжап отыр. Жаңа өнім түрінің алғашқы үлгілері де дайын. Италиядан мамандар келіп, қондырғыларды орнатып берсе, сәуірден бастап тұрғындар Қазақстанда жасалған аяқ киімдерді кие алады.
             Зәбира Хасанова, «Жамал-ай» АҚ президенті: - Біз жоғары сапалы, таза былғарыдан тігілген аяқ киім шығаруды қолға алмақпыз. Аяқ киімдердің табанында Sharkey сауда белгісі жазылады. Фирмалық табандар өзімізде құйылады. Аяқ киімге қажетті шикізаттың кейбір түрлері Ресейден әкелінеді. Өнімді елге жеткізуде кәсіпорын Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып отыр.
                                              Авторлары: Мөлдір Мұсаева, Саламат Бекбаев
 
ссылка на предоставленный материал http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/52630-ady
 
 
 
                                              
  • квадратная иконка facebook
  • Квадратная иконка Twitter
bottom of page